25 Тамыз, 2015

Байрағымызды  биіктеткен  шаңырақ

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мерейли отбасыОтбасы – сүйіспеншілік, сыйластық, ынтымақтық  пен парасаттылық бастауы, адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Осынау қымбат қазыналар көрініс тапқан «Мерейлі отбасы» байқауы өнегелі отбасыларының арамызда көптігімен қуантуда. Солардың қатарында Сандықтау ауданының құрметті жандары Мухиндер де бар. Облыстық бәсекеде Мухиндер отбасы жүлделі екінші орынды жеңіп алғанда жұртшылық риза көңілмен қол соқты. Мұның өзіндік себебі де бар еді. Бұл – интернационалдық отбасы. Екіншіден, Мухиндер бала-шағасының, немере-шөпшектерінің көптігімен емес, дарынды екі бала тәрбиелеп, спорттық жарыстарда байрағымызды биіктетуімен ерекшеленген жас отау иелері. Ұлттық байқаудың мазмұны осы тұрғыдан да кеңейе түсетіні анық. Александр Мухин мен Сәуле Тұрлыбекова 1993 жылдың 10 сәуірінде шаңырақ көтерген. Жас спортшылар уақыттың қиындығынан ғана емес, кәсіби талаптың қатаңдығынан да болар, Ресейдің Екатеринбург, Бийск қалаларында, тіпті, Моңғолияда тұруға мәжбүр болған. Ақырында туған елге оралып, міне, 15 жыл бойы аудан орталығы Балқашынның тіршілігін гүлдендіруге үлес қосуда. Мухиндер отбасыМұнда олар ауылдық жерге аса қажет спорттың шаңғы және биатлон түрінен жаттықтырушы болып қызметке кіріскен болатын. Мухиндер сүйікті жұмысына білек сыбана кірісіп, дарынды балаларды спорт әлеміне тартумен қатар, өңірде саламатты өмір салтын қалыптастыруға белсене атсалысып келеді. Бұл күндері ерлі-зайыпты жаттықтырушылардың тәрбиесін алған жиырмаға жуық талантты жас спорт шебері және кандидаты атағын алды. Осы арқылы олар Балқашынға іргелес Каменка селосының тумасы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының вице-чемпионы және 1987 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Владимир Сахновтың, жалпы сандықтаулықтардың абыройлы дәстүрін жалғастыруда. Шаңырақ иесі Александр Му­хин­нің өзі биатлоннан спорт шебері, жоғары дәрежелі жаттықтырушы болса, зайыбы да жоғары дәрежелі жаттықтырушы әрі спорт шебер­лігіне кандидат. Сондай-ақ, Алек­сандр Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасын жаттықтырса, Сәуле спортта дарынды балалар мектеп-интернатындағы балаларды шаңғы спортына баулуда. Бабаларымыз: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін ұлағат қалдыруы тегін емес. Адамның тұлға ретіндегі қалыптасуы отбасынан басталатыны да дау тудырмайды. Отбасылық абыройды ұлдары 21 жастағы Ринат пен 17-ге келген Саша спортты жоғары табыстарымен  еселеуде. Осы ұлдардың екеуі де шаңғы спортынан еліміздің ұлттық құрамасының мүшесі. Олар Алматыдағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, халықаралық турнирлерден жүлделі оралуда. Әсіресе, кіші Александрдың аяқ алысы жақсы. Ол – биатлоннан Азия чемпионы, командалық есепте Австриядағы халықаралық жарыстың күміс медалін жеңіп алды. Ендеше, Мухиндер отбасын қалыптасқан спорттық әулет деуге толық негіз бар деп білеміз. – Осынау интернационалдық және спорттық отбасы шын мә­нін­дегі біздің мақ­танышымыз, – дей­ді аудан әкімінің орынбасары Василий Гороховодацкий. Ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене қатысатын олар өздерін үлгілі қырларымен танытуы арқылы көпшіліктің зор құрметіне бөленуде. Мухиндерді Қазақстанның нағыз патриоттары деуіміз керек. Бұл отба­сының басты ұстанымы Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың «Ұлт саулығы – біздің табыс­ты болашағымыздың негізі» деген сөздері. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Сандықтау ауданы. Суретте: Мухиндер аудан әкімінің орынбасары В.Гороховодацкиймен бірге.